Көлік және коммуникация министрлігі: Темір жол көлігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету -сапалы жөндеуден өткізу мен қызмет көрсетуден құралады

АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат. 2009 жылғы  қыркүйектің 14-інде  Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінде Жауапты хатшы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ мен оның акционерлік қоғамдарының басшыларының қатысуымен темір жол көлігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті.

Көлік және коммуникация министрлігі: Темір жол көлігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету -сапалы жөндеуден өткізу мен қызмет көрсетуден құралады

Қозғалыс қауіпсіздігі талаптарын бұзу және тасымалдау процесінің үзілуіне әкелген  анықталған оқиғалар бойынша көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Барменқұлов баяндама жасады. Аталған жағдайды туғызған негізгі себептердің бірі жөндеу жұмыстары сапасының төмен екендігі атап өтілді. Онда да бұл жағдай  темір жолдың жылжымалы құрамына да, магистралды жолдардың жоғарғы құрылысының жөндеу сапасына да қатысты.

Темір жол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігі жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар жөнінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы  директоры Қалтай Сәмбетов, «Қамқор Менеджмент» ЖШС бас директоры Юрий Лавриненко, «Локомотив» АҚ президенті Қадыл  Таласпеков және басқалар баяндама жасады.

Кеңестің қорытындысы бойынша жылжымалы құрам және магистралды жолдарды, жасанды құрылыстарды, белгі беру мен байланыс, электрмен қамтамасыз ету құралдарды, темір жол өтпелері мен басқа да техникалық көліктік құралдарды жөндеу сапасын көтеруге бағытталған 2009 жылдың 4 тоқсаны мен келесі 2010 жылға арналған Іс-шаралар жоспарын әзірлеу жөнінде шешім қабылданды.