Көлік және коммуникация министрлігі: «Жолаушы маршруттарының қауіпсіздігі» атты акция Алматыда жалғасады
АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат. 2009 жылғы 15 қыркүйекте үстіміздегі жылдың 9 - 19 қыркүйек аралығында Астана - Қарағанда - Алматы - Тараз - Шымкент бағыты бойынша өтетін «Жолаушы маршруттарының қауіпсіздігі» атты республикалық акцияның басталуына байланысты баспасөз конференциясы өткізілді.
Акцияның мақсаты - Қазақстан аумағында жолаушы тасымалын ұйымдастыру мен жүзеге асыруда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және реттеу бойынша тиімді шараларды қабылдап алдын алу.
Баспасөз конференциясына қатысушылар журналистерге қалааралық жолаушылар тасымалдау нарығында қалыптасқан жағдай туралы мәлімдеп, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі жолаушылар мен жүк тасымалына лицензиялауды енгізу мәселесін көтеріп жатқандығы туралы хабарлады.
Бұған себеп болып отырғаны - қалааралық жолаушылар тасымалының қазіргі жағдайы. Қазақстанның ірі қалаларының барлығында дерлік автобекет пен базар маңында жолаушылардың жол жүру орындарынан тұрақсыз кездейсоқ тасымалдар жүзеге асырылады. Бұл әрекеттер тиісті рұқсат құжаттарынсыз орындалады.
Жолаушылар тасымалындағы автобус жүргізушілері жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережелерінің талаптарын ескермейді. Оның ішінде еңбек және демалыс тәртібін сақтамай, рейс алдындағы медициналық және техникалық бақылаудан өтпейді. Ал, автобустар мен жеңіл автокөліктердің орташа пайдалану мерзімі 15 - 20 жылдан асады.
Бұның неге алып келіп соқтыратынын жол көлік оқиғалары статистикасынан байқауға болды. Айталық, осы жылдың 6 айы ішінде жолаушы автобустың қатысуымен 99 және 19 микроавтобустың қатысуымен жол көлік оқиғасы тіркелген.
9-14 қыркүйек аралығында ҚР ККМ Көліктік бақылау комитеті жол полициясы органдарымен бірлесіп қалааралық жолаушылар тасымалындағы 370 автобусты тексеріп, оның нәтижесінде 104 заң бұзушылық анықтады. Барлық фактілер бойынша хаттама жасалды.
Ең басты мәселе - жолаушылардың қауіпсіздігі екендігін ескеріп, аталған тасымалдың қатаң бақылауда болуы керектігі.