Көлік және коммуникация министрлігі жолдарды басқарудың ұлттық операторын құруды қарастырып жатыр

 АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат -  ҚР Көлік және коммуникация министрлігі «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының базасында еліміздегі жолдарды басқару бойынша ұлттық оператор құруды жоспарлайды.
None
None

Бұл туралы бүгін аталған министрліктің Автокөлік жолдары комитетінің төрағасы  Нұрланбек Өмірбаев мәлім етті.

Комитет төрағасының айтуынша, бүгінгі күні министрлікте бірегей ұлттық оператор қызметін енгізу мәселесі қаралуда. Ондай оператор негізінен республика жолдарын, оның ішінде ақылы жолдарды басқаратын болады, сондай-ақ бюджеттік және мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларды жүзеге асыруды да қолға алады.

«Бүгінгі таңда Көлік және коммуникация министрлігі ұлттық оператор енгізуге қатысты заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізуде. Бұл өзгерістер жақында Үкіметке ұсынылатын болады. Жалпы заң жобасы бойынша «ҚазАвтоЖол» базасында ұлттық оператор құру қарастырылады», - дейді Н. Өмірбаев.

Бұдан бөлек, комитет төрағасы министрліктің жоспарына тоқтала келе, инвесторлар қаражаттарын тарту үшін ұлттық операторға инфрақұрылымдық облигациялар шығару жөніндегі өкілеттілік қарастырылатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум