Көлік және коммуникация министрлігі: Жұмысшылардың еңбек пен тұрмыс жағдайы ерекше бақылауға алынды

АСТАНА. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат - Көлік және коммуникация министрлігінде ведомство басшысы Әбілғазы Құсайыновтың төрағалығымен 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустралды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Республикалық басқару орталығы Аймақтық орталығының кезекті отырыс өтті.

Көлік және коммуникация министрлігі: Жұмысшылардың еңбек пен тұрмыс жағдайы ерекше бақылауға алынды

Бұл ақпаратты аталған министрліктің баспасөз қызметі таратып отыр.

Отырыс барысында Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда облыстарында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының іске асырылу барысы талқыланған. Оған облыс әкімдіктері, мердігерлік ұйымдар басшылары мен жобаны басқару және құрылысты бақылау жөніндегі консультант-компаниялар өкілдері қатысқан.

«Отырыс жұмысын ашқан Әбілғазы Құсайынов, қазіргі кезде үш аймақтың бәрінде де қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, жобаның уақытылы әрі сапалы іске асуына әсерін тигізетін мәселелері бар екеніне ерекше назар аударды. Оның ішінде, жұмыс барысының нашарлығына байланысты «ДенаРехзасҚазақстан» ЖШС-іне компаниясына ескерту жасалды», делінген баспасөз баянында.

Өткен отырыстардың нәтижесінен «Салини» АҚ қызметінде алға жылжу байқалады. Бүгінгі таңда бірқатар ескертулер бойынша және жер төсемін салу мен асфальт-бетон зауытын құрастыру кестесі мерзімде орындалуда. Бірақ, кейбір еншілес мердігерлік компанияларда жол құрылысы техникасын, материалдар мен қызметкерлерді жұмылдыру барысында кешіктірулер бар. Олардың қатарында «ДМСУ 22» ЖШС, «Шым-Шак НС» ЖШС және «Витажолқұрылыс» ЖШС-і бар.

Ведомствоның ақпаратына қарағанда, «Аккорд/Окан» БК пен «Импреза» АҚ компанияларында бұрын жасалған ескертпелер бойынша жағдай өзгермеген. Қазіргі кезде Көлік және коммуникация министрлігі аталған мердігерлік компанияларға берілген учаскелерді қаржыландыратын Дүниежүзілік банкке келісімшартты бұзу ниеті жөнінде хат жолдады.

«Ал «К-Жолқұрылыс» АҚ-ы мен «Қазақжолқұрылыс» ЖШС мердігерлік компаниялары ескертулерді басшылыққа алып, жақсы нәтижеге жетуде. Жер төсеу мен жол құрылыс техникасын жұмылдыру жұмыстары кесте бойынша жасалуда. «КСС/Жамбылжолқұрылыс» және «Ақмола Құрылыс Материалдары» компанияларында қосымша техника мен жұмысты ұйымдастыру мәселелері әлі де шешім тапқан жоқ», делінген баспасөз хабарламасында.

Отырыс барысында Автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаменттері және мердігерлік ұйымдар басшылары есеп беріп, жобаның барлық қатысушыларына сәйкесінше тапсырмалар берілді. Оның ішінде, мердігерлік ұйымдарға жұмыс жүргізу, техника мен қызметкерлерді жұмылдыру кестелерін орындау мерзімдері бекітілді. Аталған комитеттің облыстық департаменттеріне мердігерлік ұйымдар жұмысты мерзімде жүргізуін, айналма жолдардың салынуын және жол қозғалысын қамтамасыз етілуін қадағалауға тапсырма берілді. Үш облыстың әкімдік өкілдеріне жер карьерлерін рәсімдеу мен жерді сатып алу мәселелерін шешіп, осы жұмыс жөнінде ақпаратты апта сайын беру тапсырылды.

Сонымен қатар, «Нұр Отан» ХДП сарапшы топтың жасаған ескертулерді басшылыққа алып, барлық мердігерлік компанияларға қызметкерлердің жұмыс пен тұрмыс жағдайын қамтамасыз ету, жалақыны төлеу кестесі мен жергілікті халықты жұмысқа тарту талаптарын орындау жөнінде тапсырма берілді. Осыған қоса, аталған мәселелер Автомобиль жолдар комитетінің ерекше бақылауына алынды. Жұмыс және тұрмыс жағдайы қамтамасыз ету жөнінде бақылау комитетінің төрағасы З.Сағыновқа, ал жалақыны уақытылы төлеу және жергілікті халықты жұмысқа алу мәселелерді бақылау оның орынбасарлары Н.Өмірбаев және Е.Жүнісовке жүктелді.

Отырыс жұмысын аяқтай отырып, көліктік ведомство басшысы бұл жобаның ерекше бақылауда екенін атап өтті. Оның іске асыру бірнеше аймаққа маңызды екендігіне байланысты, әрбір кезеңдегі жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалғанын бақылау қажет екенін айтты.