Көлік және коммуникация министрлігінде астық тасымалдау жоспары талқыланды

АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев астықты тасымалдау мәселесі бойынша селекторлық кеңес өткізді,

Көлік және коммуникация министрлігінде астық тасымалдау жоспары талқыланды

деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Алқалы жиынға еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ, «ҚазАгро» АҚ және «Қазақстанның астық одағы» ЗТБ басшылары, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары әкімдіктерінің басшылары қатысты.

Кеңесті ашқан Б.Камалиев аталған мәселе 27 қыркүйек күні селекторлық кеңесте қаралғанын, ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов астық тасымалын толық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырғанын баса айтты. Ағымдағы жылы жаңа астықтың көлемі ең рекордты көрсеткіштерге жетті. Осыған орай, астықты уақтылы тасымалдаудың проблемалық мәселелері туындап отыр. Осы ретте министр астықты тасымалдауда, сақтауда және кәдеге жаратуда олқылыққа жол бермеу үшін келісілген жұмыстарды атқару бүгінгі қатысушылардың ортақ міндеті болып табылатынын атап көрсетті.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі ағымдағы жылы күтілетін астықтың жоғары көлемі шамамен 23-23,5 млн. тоннаны құрайтынын айтты. Экспорттық әлеует - 10 млн. тоннадан асады. Осыған орай, ішкі нарықта сәйкессіздікті болдырмау үшін республика ішінде 2,5-3 млн. тонна астық тасымалын есептегенде шамамен 12,5-13 млн. тонна астықтың тасымалын қамтамасыз ету қажет.

Астықты өңірлерден элеваторлық қуаттарды босату мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ 500 мың тонна көлемінде астық тасымалын жүргізуде. Ағымдағы жылғы 14 қазандағы жағдай бойынша 293 мың тонна немесе 59 пайыз астық жөнелтілген, оның ішінде, Ақмола облысында - 81 мың, Қостанай облысында - 93 мың, Солтүстік Қазақстан облысында - 119 мың тонна. Сондай-ақ, мемлекеттік қордағы астықтан басқа агроөнімдік субьектілер кешені мемлекет ішінде 470 мың тонна астық тасымалдады.

Астық тасымалдайтын жүк вагондарымен қамтамасыз ету және қосымша вагондарды тарту қажеттілігі жөнінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Ермек Қизатов баяндады.

Кеңес қорытындысы бойынша, қосымша астық тасымалдайтын жүк вагондарын тарту жұмысын ширатып, проблемалық мәселелерді жедел түрде шешу қажеттілігі жайлы шешім қабылдады. Оның ішінде, экспортқа және республикамыздың ішінде астықты тиеу барысын жеделдету, қосымша 5,7 мың вагон тарту қажеттілігі атап өтілді. Астық тасымалдайтын жүк вагондары жетіспеген жағдайда, жабық және ашық вагондарды алдын ала саңлауларын бекітіп, астық тасымалдау мүмкіндігін қарастыру қажет.