Көлік және коммуникация министрлігінде автожолдарда көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселесі жөнінде кеңес өтті

АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - 2012 жылғы 9 қаңтарда ҚР Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев автомобиль жолдарын қыста күтіп ұстау және республикалық автожолдардағы жол қатынасының  ағымдағы жағдайы жайлы кеңес өткізді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
None
None

Кеңеске «Қазавтожол» РМК және оның филиалдары, автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаменттерінің басшылары қатысты.

Мәселені талқылау барысында жол қозғалысының қатысушыларын жолдағы жағдай туралы ақпараттандыру үшін «Қазавтожол» РМК ауа райы туралы («Қар», «Жаңбыр», «Тұман», «Боран», «Көктайғақ», «Жылдамдықты шектеу») ақпарат ауысып тұратын 33 жарықдиодты жол белгілерін сатып алып, оларды орнатуға кірісті.

Күн сайын «Қазавтожол» РМК сайтында республикалық жолдардың оперативті жағдайы туралы ақпарат орналастырылады. Ауа райының қолайсыздығынан жабылған күрделі жол учаскелерін көрсетіп тұратын видеотүсірілімдерді көрсету тәжірибесі енгізілген.

23,5 мың км жолдың 3,3 мың км (14%) қар көбірек  шоғырланатын учаскелер болып табылады. 53 мың қума метр  қар тоқтататын уақытша қалқандар орнатылды, қардан қорғайтын 4 мың км орлар қазылды, қардан 22 км тосқауыл қабырғалар тұрғызылды.

Шығыс Қазақстан облысында жол-эксплуатациялық қызметіндегілерге жолды қардан тазарту барысында, сондай-ақ, көлік жүргізушілері ауа райының қолайсыз кезінде (қар, боран, жолдың нашар көрінуі) бағыт-бағдарын айырып отыру үшін 3 мыңнан астам боялған ағаш белгілерін орнату жұмыстары атқарылуда.

Бүгінгі күні республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол қатынасына шектеу жоқ.

Кеңесті қорытындылай келе, Б.Камалиев автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаменттері, сондай-ақ,  «Қазавтожол» РМК филиалдарының басшыларына алдағы сайлауға әзірлік, оны өткізу және қорытынды жүргізу күндері республикалық және жергілікті маңызы бар барлық автомобиль жолдарында қатынас орнатуды қамтамасыз ету үшін қажетті барлық тиісті шараларды іске асыруды тапсырды. Ол үшін саланың барлық техникасы мен адами ресурстарын жұмылдыру қажет.

Соңғы жаңалықтар