Көлік және теміржол инфрақұрылымы саласындағы тағы 26 компания мемлекет меншігіне беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Көлік және теміржол инфрақұрылымы саласындағы тағы 26 компания мемлекеттік меншікке беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің атап өтуінше, экономиканы монополиядан арылту мақсатында Экономиканы монополиядан арылту жөнінде арнайы комиссия құрылды және жұмыс істеп тұр. Қазірдің өзінде Комиссияның 25 отырысы өткізілді. Оның қорытындысы бойынша бұрын жекешелендірілген және бәсекелес ортаға берілген нысаналардың ішінен мемлекет меншігіне беру үшін оларды іріктеу өлшемшарттары әзірленді.
Телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы, экология және қонақ үй бизнесі салаларында акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі акциялар пакеті мен қатысу үлестері, жылжымайтын мүлік ныснадары және ақшалай қаражат мемлекет меншігіне қабылданды.
«Мүлік мемлекеттік меншікке сыйға тарту тәртібімен – бюджеттен қаржылық шығынсыз қабылданады. Көлік және теміржол инфрақұрылымы саласындағы тағы 26 компанияны мемлекеттік меншікке беру процесінде. Бұл бағыттағы жұмыс күшейтілетін болады», - деді министр.