Көлік жөндеу орталығының жұмысшысынан қару-жарақ пен жарылғыш заттар тәркіленді

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Көлік жөндеу орталығының жұмысшысынан қару-жарақ пен жарылғыш заттар тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері жұмыс орнында атыс қарулары, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар сақтаған тұрғынды анықтады. Нақтырақ айтсам, полицейлер жүйелі жүргізген іздестіру нәтижесінде анықтаған күдікті Кентау қаласындағы көлік жөндеу орнында жұмыс істейді. Одан «Лидер ТТ» маркалы травматикалық тапанша мен патрондар табылды. Тінту шаралары оның жұмыс орнында, яғни көлік жөндеу орталығында жүргізілді. Жедел уәкілдер 12 калибрлі тегіс ұңғылы 2 дана аңшы мылтығын, әрқайсысының салмағы 0,5 кг болатын 3 пакет түтінді ұнтақ, «Байкал» травматикалық тапаншасы, 1 граната, 35 дана оқ-дәрілер мен 1 жарылыс қорапшасын тәркіледі. Осылайша, жедел уәкілдер қарумен жасалатын қылмыстарға тосқауыл қою, заңсыз қару-жарақ сақтау дерегінің жолын кесуде кәсіби шеберліктерін көрсетті. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Сахов.

Сот-криминалистикалық және баллистикалық сараптама тағайындалды. Күдікті қамауға алынды. Тәртіп сақшылары кентаулық тұрғынның осыншама қару-жарақты не мақсатпен сақтап жүргенін анықтап жатыр.



Фото: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі



Соңғы жаңалықтар
telegram