Көлік жүксалғышына жасырынып блокпосттан өтпек болған азамат ұсталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында автокөліктің жүксалғышына жасырынып, блокпосттан өтпек болған тағы бір азаматты қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Таратылған ақпаратқа қарағанда, 26 сәуір күні Қарағанды облысына қарасты Абай аудандық полиция басқармасы Топар полиция бөлімінің полиция қызметкерлері қызметтерін атқару барысында «Оңтүстік» карантин блокпостында Қарағанды қаласының 47 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Toyota Land Cruiser» көлігін тоқтатқан. Көлік жүргізушісі посттан кедергісіз өтуге тырысқан. Автомобильді тексеру барысында жүксалғышта жасырынып, блокпосттан заңсыз өтпек болған 35 жастағы азамат ұсталды.
Карантин режимін бұзған екі азаматтың да үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы 6-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді.
Айта кетерлігі, бір апта ішінде Қарағанды облысындағы блокпосттар арқылы адамды заңсыз алып өтуге тырысқан үшінші дерек тіркеліп отыр. Бұған дейін мұндай екі жайт Бұқар жырау ауданына қарасты Мұстаин ауылындағы блокпостта орын алған еді.