Көлікпен азық-түлік жеткізуге кеткен: Жоғалған атыраулық жігіт табылды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында екі күн бұрын жоғалған жігіт табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 қаңтарда 32 жастағы жігіт жоғалып кеткен.
«Жылыой ауданының тұрғыны 1 ақпанда 1990 жылғы ағасы Бейбіт Қамысбаевтың із-түзсіз кеткені туралы хабар берді. Жоғалған жігіт «УАЗ» автокөлігімен аудан орталығы – Құлсары қаласынан шамамен 65 шақырым қашықтықтағы Сарыбұлақ учаскесіне азық-түлік жеткізуге кетіп, кейін оралмаған. Осы дерекке байланысты аудандық полиция және төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлері жоғалған адамды бірлесе іздеуді бастады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған ер адам 2 ақпанда таңғы сағат 4:00 шамасында «Қадия» қыстағынан табылды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жоғалған зейнеткерді іздеуге 20 ерікті қосылғанын жазған болатынбыз. Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында тұратын 65 жастағы зейнеткерді іздестіру шаралары үш күн бұрын басталған еді.
