Көлікшілер одағы Көлік министрлігінен жолдарда ойдым шұңқырлар болмауын қадағалауды сұрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Көлікшілер одағы Қазақстанға республика аумағы бойынша заңсыз тасымалдауды жүзеге асыратын шетел операторларының ағылып келуінен қауіптенуде.
Бұл қауіп бірінші кезекте Қазақстанда көліктерді бақылайтын стационарлық посттардың жабылуына байланысты болып отыр. Өткен жылдан бастап ҚР ККМ Көліктік бақылау комитеті стационарлық посттарды жүріп келе жатқан көлік салмағын автоматты түрде өлшейтін электрондық түрге ауыстырған. Нәтижесінде елде көлікті бақылайтын 11 стационарлық пост жабылып, 13 электрондық таразы іске қосылды. Ағымдағы жылы олардың саны 31-ге дейін арттырылмақ, одан әрі 80-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.
«Бірінші кезекте электрондық таразының бизнес тұрғысынан артықшылығы - тасымалдаушыларды тексеретін органдармен байланыстың болмауында. Бізге барлық жоспарланған таразыларды орнатуымыз үшін жолдарда ойдым шұңқырлардың әсіресе, жаппай тасымалдау жанданатын жаз айларында болмағаны аса маңызды», - деп атап өтті KAZLOGISTICS Қазақстан Көлікшілер одағының бас директоры Ерхат Есқалиев.
Ол сондай-ақ шетелдік көлікпен тасымалдаушылардың рұқсат құжаттарын бақылау қажеттігі туралы айтып өтті.
Өз кезегінде ҚР ККМ Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев ҚР-да рұқсат құжаттарын объективті жою мақсатында шетелдік көлік тасымалдаушылары үшін қорғаныш деңгейі жоғары жаңа рұқсат беру бланкісі шығарылғанын айтты. Сондықтан, енді рұқсатты қайтадан пайдалануға жол бермеу үшін бланктің жыртылмалы бөлігінің болуы қарастырылған.