Көліктегі Орталық Ішкі істер департаментінің қатары жас мамандармен толықты
АСТАНА. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Көліктегі Орталық Ішкі істер департаментінде Конституция күні мерекесіне орайластырылып, ішкі істер органдарына алғашқы қадамдарын жасаған мамандардың салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жас мамандардың ант қабылдау рәсімі, олардың жадында мәңгілік сақталсын деген үлкен үмітпен, мемлекеттік маңызы зор мереке - Конституция күніне арнайы орайластырылды. Өйткені олар, ішкі істер органдарының қатарында жұмыс істеймін деген үлкен мұратпен бір күндік емес, бірнеше жылдық қызметке келіп отыр», - деп атап өтті Көліктегі Орталық ІІД кадр жұмыстары жөніндегі бастықтың орынбасары Тимур Кәрімов.
Ант қабылдаған 9 маман бұған дейін, ішкі істер органдарына кандидаттарды әзірлейтін алғашқы дайындық курстарынан өтті. Мәселен, олар қару-жарақтарды қолдануды үйреніп, Қазақстан Республикасының заңнамаларымен жіті танысты.
Жиынға қатысқан «Нұр Отан» ХДП өкілі Қазбек Қаскен: «Ішкі істер органдарының халық арасындағы имиджін түбегейлі өзгерту керек», - дегенді айтып, «бүгінде ол қатарды толықтырған жастар, келешекте мемлекеттің және халықтың мүдделерін абыроймен және намыспен қорғайтын болады», деген үлкен сенімін білдірді.
Өз кезегінде, 2008 жылы аталмыш мекеменің жанында құрылған Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Борис Корошкевич, басқа мамандықтарда сияқты ішкі істер органдарында да ұрпақтар сабақтастығы болу керектігін қадап айтты. Айта кетерлігі, үстіміздегі жылы заңды тұлға ретінде тіркелген Кеңес, құқық қорғау органдарының 500-ге жуық ардагерінің басын біріктіріп отыр.