Көліктегі полиция Астана қаласының тұрғынынан аса ірі көлемде героин тәркіледі
АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі Көліктегі ішкі істер департаментінің (ІІД) қызметкерлері Астана қаласының тұрғынынан аса ірі көлемде героин тәркіледі.
Көліктегі ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, 22 тамыз күні, кешқұрым шұғыл-іздестіру шараларын жүргізу барысында Конституция көшесінің бойында 37 жастағы азамат тоқтатылды. Полицейлерге тінтуді жіті жүргізудің қажеті болмады, себебі рұқсат етілмеген заттың жасырынған жерін «Моно» есімді ит анықтап берді. Иттің көмегімен полиция қызметкерлері азаматтан целлофан бумаға оралған 3,31 грамм героин затын тапты. Заттың қандай мақсатта пайдаланылмақ болғаны және оның қайдан алынғандығы ҚР Қылмыстық Кодекстің 259 бабы бойынша (есірткіні сату мақсатында сақтау) қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында анықталатын болады.