Көлікті жөндеуге сот арқылы 8 млн теңге өндіріп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлік иесі сақтандыру компаниясы берген өтемақымен келіспей, сот арқылы әлдеқайда көп ақшаны өндіріп алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көлікті жөндеуге сот арқылы 8 млн теңге өндіріп алды

Жол апаты осыдан екі жыл бұрын болған. Сол кезде Hyundai мінген бір келіншек ауладан шығып келе жатқанда Lexus-пен соқтығысқан. Ол көлік тізгінінде де әйел отырған. Қозғалыс ережесіне сәйкес, ауладан шыққан көлік жол беруі тиіс. Себебі екінші көлік бас жолмен келе жатқан. Астана қаласының мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Hyundai-дың жүргізушісі кінәлі деп танылған болатын. Ал Lexus-тың иесіне сақтандыру компаниясының есебінен 1 млн теңге көлемінде материалдық шығын төленді. Дегенмен, ол алғашқы сот шешімімен келіспей, одан көп ақшаны талап етті. Себебі жекеменшік бағалау компаниясының есебіне сәйкес, Lexus маркалы көлікті жөндеуге 10 млн теңгеден астам ақша қажет.

«Астана қаласының Есіл аудандық сотының шешіміне сәйкес, зардап шеккен әйелдің пайдасына 8 млн теңгеден астам материалдық шығын өндірілді. Сот қаулысы заңды күшіне енді», - делінген соттың ресми xабарламасында.