Көліктік бақылау инспекциясы қызметкерінің ауыр жүк көліктері жүргізушілерінен жүйелі түрде пара алу фактілері әшкереленді

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Алматы облысына қарасты Жаркент-Алматы тас жолында аймақаралық көліктік бақылау инспекциясы қызметкерінің ауыр жүк көліктері жүргізушілерінен жүйелі түрде пара алу фактілері әшкереленді.

Көліктік бақылау инспекциясы қызметкерінің ауыр жүк көліктері жүргізушілерінен жүйелі түрде пара алу фактілері әшкереленді

Бұл туралы бүгін елордада ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Мәселен, 2010 жылғы 29 желтоқсанда жүргізушілердің бірінен кедергісіз өту үшін 20 мың теңге пара алу үстінде «Жетісу» аймақаралық көліктік бақылау инспекциясының инспекторы ұсталды. Оған қоса жедел-тергеу шаралары кезінде аталған қызметкердің ауыр жүк көлігі жүргізушілерінен бопсалау арқылы пара алғандығын дәйектейтін 7 факті ашылды. «Параның сомасы көліктің және жүктің түріне қарай 5 мыңнан 20 мыңға дейінгі аралықта болған. Айыпталушы қамауға алынып, қылмыстық іс тергелуде», - деді ресми өкіл.

Сондай-ақ М.Жұманбайдың атап өтуінше, Павлодар облысында Ертіс экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Аубашев тұтқындалды. Ол «Марк-Астана» ЖШС заңгерінен жанар-жағармай құю стансысының жаңадан бой көтерген нысанының дайындығы туралы жұмыс комиссиясының қорытындысына қол қою үшін 100 мың теңге пара бопсалаған.