Көліктік бақылау инспекциясы мамандарына түрмеге экскурсия ұйымдастырылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі көліктік бақылау инспекциясы мамандарына «ЕС-164/1» тергеу мекемесіне экскурсия ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл іс-шараны «түзету терапиясы» деп атаған. Бірер жыл бұрын қолға алынған іс-шара пандемияға байланысты тоқтап қалған еді. Бұл жолы көліктік бақылау инспекциясы мамандарына «ЕС-164/1» тергеу мекемесіне экскурсия ұйымдастырылды.

«Біздің қызметімізде алдын алу шаралары маңызды бағыт болғанымен, сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін ешкімді жазасыз қалдырғанымыз жоқ. Сіздердің ұжымдарыңызды бекерден таңдағанымыз жоқ. Өткен жылы көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 2 қызметкер сотталды. Биыл сәуір айында тағы екі маман пара алғаны үшін әрқайсысы 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Бүгін қылмыстың қайда апаратынын көріп, соңғы кезде қалыптасқан теріс үрдісті тоқтатасыздар деп үміттенеміз», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.

Келушілер қамаудағыларды ұстау жағдайымен танысты, олардың жатын орындарын аралап, тар дәліздерден өтіп, серуендеуге арналған камерада таза ауамен тыныстады. Күніне бір ақ рет осы мүмкіндікке ие болатын тұтқындардың күйін бастан кешті.

Экскурсия барысында тергеу изоляторының бастығы Рүстем Сағденов бүгінде 500-ге жуық адам сиятын мекеменің тек жартысы ғана толғанын айтып, «жеңіл ақша тапқысы келетіндер» үшін орындар жеткілікті екенін атап өтті.

Сөз соңында Нұрлан Жахин сыбайлас жемқорлыққа барған шенеуніктердің атқарған қызметтері мен дәрежесіне қарамастан, заңның барлық қатаңдығы бойынша жауапқа тартылатынын ескертті.

Естеріңізге сала кетейік, бірінші тоқсанда облыстық Антикор Көліктік бақылау инспекциясы қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді, нәтижесінде 25 сыбайлас жемқорлық тәуекелді анықтады.

Осыған дейін СҚО-да меморган 1 келі макаронды 17 млн теңгеден сатып алмақ болғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар