Көліктік бақылау комитеті «ҚТЖ»ҰК» АҚ-ның 48 филиалын тексеріп жатыр
Бұл туралы ҚР Көлік және Коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі күнге теміржолдың магистральдік желісінің бірқатар учаскелері жабылды және қозғалыс шектелді. Айталық, рельс сорабының тарылып кетуіне байланысты «РЗД-17 - РЗД-33» және «Қарағанөзек - Қарабас» учаскелеріндегі қозғалыс жабылды. Кейінгісіндегі қозғалыс бұдан бұрын ашылған бұзушылықтарды сапасыз түзегендігі үшін қайта жабылғандығын атап өтуге тура келеді. Мұның сыртында «Лисаков-Алтынсарин», «Жарық-Жаңаарқа», «Қарабас - ОП 767», «РЗД-17 - РЗД-33», «ОП42 - Қарағанды».учаскелеріндегі қозғалыс жылдамдығы шектелді. Қазіргі кезде тексерістер жалғастырылуда.
Теміржол көлігіндегі ірі ереже бұзушылықтар жиілеп кетуіне байланысты Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әсет Асавбаев Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Алматы қаласында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалдары өкілдерінің қатысуымен көшпелі жиналыстар өткізгендігін атап өткен жөн. Кездесулер барысында теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Апаттардың алдын алу мақсатында ағымдағы жылғы І тоқсан қорытындысы бойынша Қазақстанда 68 локомотивтің (өткен жылғы осы кезеңде 70), 506 (20) жүк вагоны, 104 (32) жолаушы вагоны және 113 (64) арнайы жол техникасының пайдаланылуы тоқтатылды, сонымен бірге 151 (53) кіреберіс жолдарына вагондарды беру және әкету уақытша тоқтатылғандығын еске саламыз.
Теміржолдың қозғалмалы құрамы мен жолдарының пайдаланылуы тоқтатылуының негізгі себептері жоспарлы жөндеу жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуі, вагондар тораптары мен бөлшектерінің ақаулы болуы, жол табанының кеңейіп және тарылып кетуі болып отыр.