Көліктік бақылау комитеті жолаушылар пойызындағы заң бұзушылықты анықтады
АЛМАТЫ. Қазанның 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Көліктік бақылау комитеті «Ақтөбе-Маңғыстау» бағытындағы №310 жолаушылар пойызын тексеру кезінде заң бұзушылықты анықтады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оны Көліктік бақылау комитетінің Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша «Батыс» өңіраралық бақылау инспекциясы, Батыс өңіраралық көлік прокуратурасы және көлік полициясының жедел тобы қызметкерлері бірігіп жасаған болатын. Тексеру кезінде «Құнантранс» ЖШС-і тасымалдайтын № 310 пойызда жолаушыларды билетсіз алып жүрудің көптеген фактілері анықталды. Онда бір күннің ішінде билетсіз келе жатқан 105 жолаушы белгілі болып, әкімшілік құқық бұзушылықты ресімдеуді жүргізу мақсатында Қандыағаш стансасында билетсіз жолаушылардың барлығы пойыздан түсірілді. Көлік полициясының жедел тобы қызметкерлері жағдайды анықтау барысында ҚР ӘҚБК-нің 479-бабының 2 бөлігіне сәйкес 61 әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді.