Көліктік бақылау саласындағы рұқсат беру құжаттарын қысқартуды 60 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз - А. Жұмағалиев

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев осылай мәлім етті.
«Біз кеше ғана Үкіметте Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мәселелерін мемлекеттік органдармен бірлесе талқыладық. Ол бойынша жалпы рұқсат беру құжаттарын 30 пайызға дейін қысқартуды көздейтін шешім қабылданды», - деді министр А. Жұмағалиев.
Оның айтуынша, алдағы жақын перспективада қолданыстағы 99 рұқсат беру құжатының саны 60-қа дейін қысқартылады. «Осыған орай, көлік министрлігі жүйесіне келсек, біз ағымдағы жылдың өзінде қысқаратын құжаттар санын 30 пайызға дейін жеткіземіз. Ал 2013 жылы олардың тағы да 9-ы қысқарып, жалпы көліктік бақылау саласындағы рұқсат беру құжаттарын қысқартуды 60 пайызға дейін жеткізуді көздейміз», - деді министр. Оның айтуынша, рұқсат беру құжаттары қысқаруымен қатар, оларды беру де автоматтандырылған жүйемен жүзеге асатын болады. «Яғни, оларды беру интернет, «электрондық үкімет» порталы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асатын болады. Бүгін осы бағытта жұмыстар жүргізілуде», - деді министр.