Көліктік бақылау: сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

АСТАНА. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат. Қазанның 29-да Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті «Көліктік бақылау: сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді,

Көліктік бақылау: сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

деп хабарлады ККМ баспасөз қызметі.

«Дөңгелек үстел» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының шеңберінде ұйымдастырылды.

Аталмыш шараға «Нұр Отан» ХДП, мүдделі мемлекеттік органдар, ведомство, қоғамдық ұйымдар мен көлік кешеніндегі қауымдастықтар өкілдері қатысты.

Олар бақылау-қадағалау қызметін жүзеге асыру кезіндегі, қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар мен жүйелер бойынша проблемалық мәселелерді, сонымен бірге сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында өзара іс-қимылдың бірлескен шараларын әзірлеу мәселесін талқылады.

«Дөңгелек үстел» шеңберінде Көліктегі жемқорлықпен күресу жөніндегі кеңестің отырысы өткізілді.

Көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Е. Жұмашев Кеңестің, көліктік бақылау органдарының жұмыс қорытындысы бойынша жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықты жоюға бағытталған бірқатар іс-шаралардың атқарылып жатқандығын атап өтті. Айталық, бақылау процедурасын автоматтандыру, рұқсат құжаттарының санын азайту және оларды беру тәртібін жеңілдету, бағалау жүйесін енгізу бизнестегі операциялық тосқауылдарды қысқартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бақылаудың формаларын автоматтандыру инновация арқылы еңбек өндірісін жоғарылатуға жағдай жасайды.

Өз кезегінде көліктік бақылау жүйесін автоматтандыру және модернизациялау Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Стратегиялық жоспарында көрсетілген көрсеткіштерге қол жеткізуге жол ашады.

Бүгінгі күні Комитет рұқсат құжаттарын беру және тіркеу үрдістерін, тәуекелді басқару жүйесін автоматтандыру арқылы қазіргі заманғы технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстарды жалғастыруда.

Сондай-ақ, автокөлік құралдарын техникалық байқаудан өткізуді жүзеге асыру процесін автоматтандыру арқылы адам байланысын жою жолымен сыбайлас жемқорлықтың деңгейін азайтуға мүмкіндік ашылады.

«Дөңгелек үстел» отырысының қорытындысы бойынша қатысушылар өзара іс-қимылдың тиімді әдістерін ұсынды, талқылау нәтижесінде осы саладағы сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жоюға бағытталған сындарлы ұсынымдар жасады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумы қарсаңында «Дөңгелек үстелге» қатысушылар жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбындағы плакаттар көрмесімен танысты.