Көліктің барлық түрлерінің жолаушыларынан шағым қабылдайтын Call-орталық іске қосылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы жолаушылардан арыз-шағымдар қабылдайтын бірыңғай Call-орталық іске қосылады.
Оларды құзырлы органдар қысқа уақытта тексеретін болады. Бұл туралы ҚР Бас көлік прокуратурасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онымен қоса, 2017 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясы 260 жолаушылар вагонын жаңалап, елдегі темір жол вокзалдарына жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбек.
Өткен жылдың қорытындысын шығарған ҚР Бас көлік прокуратурасы 5171 бұзушылықтың жойылғанын, 380 заңсыз акті бұзылғанын, 2085 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылғанын және 30 соталды тергеу жұмыстары басталғанын хабарлады. 61 мыңнан астам жұмыскердің конституциялық құқықтары қорғалды, 423 млн. теңге сомасында жалақы бойынша қарыз өтелді.
Ұшулар мен темір жол көліктерінің қауіпсіздігін арттыру, жолаушылар құқықтарын қорғау, көлік нысандарының лаңкестікке қарсы қорғанысын арттыру, сондай-ақ заңсыз миграцияны болдырмау мақсатында қазіргі уақытта «Жолаушылар құқығы», «Көлік және мигранттар», «Көлік қорғанысы», «Қауіпсіз ұшулар», «Қауіпсіз жол» ұзақмерзімді жобалары іске асырылуда.