Көлік апаты: сақтандыру төлемін алу тәртібі өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – 21 қазаннан бастап Қазақстанда жол апатынан кейінгі сақтандыру төлемдері тек банк шотына аударылады. Сақтандыру компаниясының кассасынан қолма-қол ақша алу мүмкін болмайды. Жаңа тәртіп неліктен енгізіліп жатыр және сақтандыру компаниясы тиісті сомадан аз төлесе, не істеу керек? Бұл туралы заң кеңесшісі Арыс Данағатов Kazinform тілшісіне айтып берді.
Сақтандыру төлемдерін алу тәртібі қалай өзгереді?
Заңгердің айтуынша, жаңа талап міндетті автосақтандыруға қатысты. Ол күшіне енгеннен кейін сақтандыру компаниялары төлемді кассадан қолма-қол бере алмайды.
Төлем алу үшін зардап шеккен адамның өз атына ашылған банк шоты немесе картасы болуы қажет. Өтініште сол шоттың деректемелері көрсетіледі. Ал ақшаны аудару және шотқа түсіру кезінде алынатын комиссияны сақтандыру компаниясы төлейді.
– Бұл өзгеріс көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға ғана қатысты. Ерікті сақтандыру түрлері бойынша төлем жасау тәсілі бұрынғыдай сақтандыру шартының талаптарына сәйкес белгіленеді, – деді Арыс Данағатов.
Жаңа тәртіп жол апатынан көлігі зақымданған азаматтарға ғана емес, зардап шеккен жаяу жүргіншілер мен жолаушыларға да қолданылады. Егер жол-көлік оқиғасынан адам қаза тапса, сақтандыру төлемін алуға оның туыстары құқылы болуы мүмкін.
Неліктен қолма-қол төлемнен бас тартып жатыр?
Бұған дейін жол апатынан зардап шеккен адам сақтандыру төлемін қалай алатынын өзі таңдайтын. Ақшаны қолма-қол алуға да, банк шотына аудартуға да болатын. Сондай-ақ жазбаша өтініш немесе сенімхат негізінде қаражатты көлік жөндейтін сервистің шотына тікелей аудару мүмкіндігі қарастырылған еді.
Заңгердің сөзінше, жаңа талап сақтандыру төлемдерінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, қолма-қол есеп айырысу кезінде түрлі күмәнді әрекеттерге жол берілуі мүмкін. Мәселен, делдалдар сақтандыру төлемінің бір бөлігін алып қалуы ықтимал. Ал банк арқылы аударылған ақшаның кімге түскені құжат жүзінде тіркеледі. Бұл қаражаттың тікелей зардап шеккен азаматқа жеткенін растауға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді ол.
Алайда төлем тәсілінің өзгеруі сақтандыру компаниялары мен азаматтар арасындағы барлық мәселені шешпейді.
– Негізгі келіспеушіліктер сақтандыру төлемінің мөлшеріне қатысты. Мәселен, келтірілген шығынның қалай бағаланғаны, көліктің тозу деңгейі ескерілген-ескерілмегені, төлемнен не себепті бас тартылғаны немесе ақшаның неге кешіктірілгені жиі дау тудырады. Банк арқылы төлеу бұл мәселелерді шешпейді. Төлем тәсіліне қатысты даулардың ресми статистикасын кездестірмедім, сондықтан нақты сан айта алмаймын. Тәжірибеде міндетті автосақтандыру бойынша келіспеушіліктер жиі кездеседі. Олардың басым бөлігі төлем мөлшері мен оны төлеуден бас тартуға байланысты, – деді Арыс Данағатов.
Сақтандыру төлемін алу мерзімі өзгере ме?
Заңгердің айтуынша, жаңа ереже ақшаны алу тәсілін ғана өзгертеді. Төлем мерзімі бұрынғы күйінде қалады.
Жалпы тәртіп бойынша сақтандыру компаниясы барлық қажетті құжатты алғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде ақшаны аударуға міндетті.
Егер жол апатынан бірнеше адамның мүлкіне зиян келсе, барлық зардап шегуші құжаттарын тапсырғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде төлем жасала бастауы тиіс. Алайда төлем алғашқы зардап шегуші құжат тапсырған күннен бастап 15 күнтізбелік күннен кешіктірілмеуі керек.
Ал зардап шеккен азамат апатқа кінәлі жүргізушінің сақтандыру компаниясына емес, өзін сақтандырған компанияға жүгінсе, ақша жеті жұмыс күні ішінде аударылады.
– Ақшаны банк арқылы аудару төлем туралы шешім қабылданғаннан кейін оны алу уақытын біршама қысқартуы мүмкін. Алайда көп жағдайда уақыттың басым бөлігі келтірілген шығынды бағалауға, құжаттарды жинауға және медициналық куәландырудан өтуге кетеді, – деді заңгер.
Сақтандыру компаниясы талапты бұзса, не істеу керек?
Егер сақтандыру компаниясы тиісті сомадан аз ақша аударса немесе төлемнен комиссия ұсталып қалса, алдымен оның себебін анықтау керек.
Заңгер мұндай жағдайда банктен шоттың үзінді көшірмесін, ал сақтандыру компаниясынан төлемнің қалай есептелгені туралы құжатты сұратуға кеңес береді.
Содан кейін сақтандыру компаниясына жазбаша шағым түсіріп, жетіспейтін ақшаны, мысалы, 10 күнтізбелік күн ішінде төлеуді талап етуге болады.
Егер комиссияны банк ұстап қалса, ақшаны қайтару үшін сол банкке жүгіну қажет.
Ал сақтандыру компаниясы ақшаны уақытында аудармаса, зардап шеккен азамат Азаматтық кодекстің 353-бабына сәйкес тұрақсыздық айыбын талап ете алады.
Заңгердің айтуынша, оның мөлшері кешіктірілген соманың жылдық 27 пайызын құрайды.
– Егер сақтандыру компаниясына жазған шағым нәтиже бермесе, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге болады. Өтінішті e-Otinish порталы немесе агенттіктің онлайн-қабылдау бөлмесі арқылы беруге болады. Агенттік сақтандыру компаниясының әрекетін тексеріп, заң бұзушылық анықталса, оны жауапкершілікке тарта алады, – деді Арыс Данағатов.
Егер сақтандыру компаниясымен төлем мөлшері жөнінде келісімге келу мүмкін болмаса, зардап шеккен азамат сотқа жүгіне алады.
Сот арқылы төленбей қалған соманы, тұрақсыздық айыбын және сот шығындарын өндіріп алуды талап етуге болады. Ол үшін жол апатына қатысты құжаттар мен сақтандыру төлемінің есебін ұсыну қажет.
Бұған дейін Қазақстанның қай қаласында көлік сақтандыру бағасы төмен екенін жазған едік.