17:15, 08 Сәуір 2025 | GMT +5
«Көлік қатынасы қиындайды»: Алматы әуежайы жолаушыларға ескерту жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 1 сәуірден бастап Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалында сыртқы сумен жабдықтау және өрт сөндіру желілерін жаңарту жұмыстары басталды.

Әуежай мәлімдемесіне сәйкес, қазіргі уақытта терминал алдындағы автотұрақ аумағында жер жұмыстары жүріп жатыр. Бұл осы алаңдағы қозғалысты уақытша қиындатады.
— Сапарларыңызды жоспарлау кезінде әуежайға кешігіп қалмас үшін осы жағдайды ескерулеріңізді сұраймыз. Құрылыс алаңдарына жақын жерде мұқият және сақ болыңыздар. Жұмыстар 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жоспарланып отыр, — деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Астана мен Алматы әуежайынан биометриялық сәйкестендіру арқылы ұшуға болатынын жазғанбыз.