Көлік министрі Даниал Ахметовтің күйеу баласының ҚТЖ-дағы қызметі туралы пікір білдірді

тағайындау
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Көлік министрі Марат Қарабаевқа «Қазақстан темір жол» компаниясындағы кадр саясаты туралы сұрақ қойылды.

«ҚТЖ Экспресстегі» жұмысшылардың 85 пайызы теміржолшы емес, тамыр-таныстық арқылы қызметке алынған екен. Біздің темір жолымыз қалай дамиды. Мысалы, ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаев болса, оның орынбасары Нұрлан Қойшыбаев Даниал Ахметовтің туған күйеу баласы. Ал «ҚТЖ Экспреске» Дамир Қожахметов деген ІТ-маман басшы болып келді. Маманның бәрі таныс-тамыр арқылы ғана жұмысқа алынатын болса, бұл сала қалай дамиды?» - деп сұрады журналист.

Министр «ҚТЖ Экспреске» ІТ-маманның басшы болып келуі саланы цифрландырумен байланысты деген уәж айтты.

«Бұл жерде мәселе былай. Сіздің 85 пайыз деген ақпаратыңызды қайта тексеру керек. Ондай болуы мүмкін емес. Жалпы ҚТЖ-да емес, сіз «ҚТЖ Экспрестің» өзін атап отырсыз. ҚТЖ-ның өзінде білікті мамандар жұмыс істейді. Сол салада әулетімен жұмыс істеп келе жатқан, екінші үшінші ұрпағы жұмыс істеп келе жатқан отбасылар бар.

Ал «ҚТЖ Экспрестің» өзіне тоқталсақ, ол – тасымалдаушы компания. Оның басты жұмысы тауар алып, соны тасымалдау. Тасымалдаудың өзімен жергілікті жүк тасушы компаниялар айналысады», - деді министр.

Ведомство басшысы «ҚТЖ Экспресс» маркетингтік компания сияқты құрылым екенін айтады.

«Маркетинг компания болған соң, ол жақта тіл білетін адам керек. Теміржол саласынығ маман болғаны міндетті емес. Шетелдіктермен сөйлесетін, тауар таба алатын, сол тауарды басқа елге сата алатын, былайша айтқанда, маркетингке жақындау кісілер де болуға тиіс. Сондықтан «ҚТЖ Экспресте» әр адам өзінің біліктілігіне сәйкес қызмет атқарып жатыр деп ойлаймын. ІТ-маманды айтып жатырсыз ғой, қазір ең басты мәселе осы саланы цифрландыру болып тұр. Сондықтан ол жаққа ІТ-маман судай қажет. Өйткені ол жақта цифрландыратын мәселе өте көп», - деді Марат Қарабаев.

Соңғы жаңалықтар
telegram