Көлік министрлігі Абыл Кекілбаевтың сынына жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында Қазақстанда неге азаматтық авиацияны дамытудың ұлттық стратегиясы жоқ екенін айтты.
Авиация саласының белгілі маманы Абыл Кекілбаев Қазақстанның азаматтық авиация саласында ұлттық стратегия жоқ екенін проблема етіп көтеріп жүр. Министрлік осы сынға былай деп жауап берді.
«Азаматтық авиация саласы ICAO-ның (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы – ред.) 1992 жылы ратификацияланған Чикаго конвенциясымен және «ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» салалық Заңымен реттеледі. Үкіметтің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 1116 қаулысымен Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанын хабарлаймыз. Тұжырымдама шеңберінде әуежайлардың инфрақұрылымы мен жарақтандырылуы ICAO мен IATA талаптарына сәйкес келтіру, оның ішінде радиотехникалық, жарық-сигналдық және метеорологиялық жабдықтармен жарақталу деңгейін арттыру, ұшу-қону жолақтарын, перрондарды жаңғырту және кеңейту, отын-жанармай құю кешендерін дамыту, «ашық аспан» саясатын одан әрі іске асырумен қатар әлемдік қаржы орталықтарымен тікелей әуе қатынастарын ашу жалғасады. Сондай-ақ, аэронавигацияның заманауи және перспективалы технологияларын енгізу жүргізіледі», - делінген ресми жауапта.
Министрлік жауабында Президент жолдауы аясында Ұлттық инфрақұрылым жоспарының жобасы әзірленіп жатқаны да айтылған.