Көлік министрлігі Алматы маңында қаңтарылып тұрған жүздеген автобусқа түсінік берді

Көлік министрлігі азаматтық белсенді Санжан Боқаевтың Алматы іргесіндегі көлік қоймаларының бірінде қаңтарылып тұрған жүздеген автобус туралы резонансты видеосына түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

автобус
Фото: видеодан алынған кадр

Министрліктің ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жолдаған жауабында қоймада тұрған 823 көліктің 651-і шынымен де жарамсыз ретінде есептен шығарылғаны айтылған.

Бірақ оның ішінде 4 автобус қана 2017-2018 жылдары сатып алынған.

Қалғаны 2010-2013 жылдар аралығында шығарлыған қытайлық атобустар екені баяндалған.

«Алматы қаласы қалалық ұтқырлық басқармасының ресми ақпараты бойынша Жетіген кентіндегі „Алматыэлектротранс“ ЖШС көлік құралдары қоймасының аумағында орналасқан автобустарға қатысты мынаны хабарлаймыз. Қойма аумағында 823 көлік орналасқан, оның ішінде 651 көлік құралы пайдалануға жатпайды (есептен шығаруға жатады)» делінген жауапта. 

Есептен шығарылатын автобустар: 
— Yutong маркалы 598 автобус (2010-2013 жылы шығарылған).
— King long (2013 жылы шыққан) маркалы 4 автобус.
— 4 ЛИАЗ маркалы автобус (2017-2018 жылы шығарылған).
— ПАЗ (2013 жылы шыққан) маркалы 10 автобус.
— 1 Газель маркалы автобус (2016-2017 жылы шығарылған).
— Youngman (2008-2013 жылы шығарылған) маркалы 34 троллейбус.

Министрлік мәліметі бойынша, қалған 172 автобус қоғамдық тасымалға жарамды.

Оның ішінде ЛиАЗ маркалы, 18 метрлік 15 автобус (2017-2018 жылы шығарылған) уақытша сақтауға қойылған және есептен шығарылмаған.

Қалғаны Алматы облысына берілуі керек болған.

«157 көлік Алматы облысының әкімдігіне берілді (Алматы қаласы әкімінің 2022 жылғы 22 қазандағы № 4/547 қаулысына сәйкес), оларды Алматы облысының өкілдері әкетпеген. Оның ішінде Газель маркалы 38 автобус, ПАЗ маркалы 5 автобус, ЛИАЗ маркалы 114 автобус бар. Осылайша, 2017-2018 жылдары шығарылған автобустар есептен шығарылған жоқ. Олар Алматы облысының әкімдігіне одан әрі беру үшін уақытша сақтауда тұр», — деп жазады министрлік мамандары.

Ведомствоның ресми жауабында белсенді Санжар Боқаев келтірген автобустарды сатып алу кезінде бағасы қолдан өсіріп көрсетілгені және қоғамдық тасымал субсидиясының мөлшері шектен тыс асырып белгіленгені туралы мәліметтерді тексеру министрлік құзыретіне жатпайтыны айтылған.

Еске сала кетейік, шілде айында әлеуметтік желі қолданушылары Алматы тұрғыны жариялаған фотосуреттерге қарап, наразылық білдірген болатын.

Кейін сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Алматы қаласының маңында қаңтарылып тұрған 300 автобусқа пікір білдірді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от аюп бейбi(тшiлiк) (@ajupventure)