Көлік министрлігі демалыс базаларындағы ұшу аппараттарын түгел тексермекші

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев Алакөлдегі дельтаплан апаты туралы пікір білдірді.

дельтаплан
Фото: Pexels

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Көлік министріне Алакөлдегі дельтаплан апаты туралы сұрақ қойылды.

«Сөзсіз, тексеру жүргіземіз. Біріншіден, мұндай типтегі дельтапландарды да, АН-2 ұшағын да. АН-2 ұшақтары туралы айтсақ, 263 данасы бар. Соның тек 94-і ғана ұшуға жарамды, қалғандары жарамсыз. Сөз жоқ, заң бұзылатын жайттар бар. Ұшуға жарамсыз болса да, ұшқыштың тиісті сертификаты болмаса да қызмет көрсетіліп жатады. Сіз айтып отырған дельтапланда да сондай жағдай», - деді ол.

Ведомство басшысы мұндай фактілердің бәріне қосымша тексеру жүргізілетінін айтады.

«Кез келген ұшатын аппаратқа бір жылдық немесе 3 жылға дейін ұшуға жарамды екені туралы сертификат беріледі. Сіз айтып отырған дельтаплан типі сертификат алмаған. Осыған байланысты әуе кемелері мен дельтаплан типтес ұшу аппараттарына, соның ішінде АН-2 ұшақтарына да кешенді тексеру жүргізу туралы шешім қабылданды», - деді Марат Қарабаев.

Соңғы жаңалықтар