Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Көлік министрлігі пойыздарды интернетпен қамтуды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жыл соңына дейін жолаушылар пойыздарын интернетпен жабдықтау аяқталады.

Көлік министрлігі пойыздарды интернетпен қамтуды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды
Фото: "Жолаушылар тасымалы" АҚ

Қазақстанда жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Көлік министрлігі әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын компаниялармен жиын өткізіп, бірінші жартыжылдықтың қорытындысын шығарды және саланы одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Жиында қаралған негізгі мәселелердің бірі — жолаушылар пойыздарын интернетпен қамту болды. Қазіргі таңда Қызылорда — Павлодар, Жезқазған — Астана, Астана — Семей, Алматы — Достық және Қызылорда — Көкшетау бағыттарындағы пойыздарда спутниктік интернет жұмыс істейді.

Министрліктің мәліметінше, спутниктік байланыс ұялы байланыс операторларының қамту аймағынан тыс теміржол учаскелерінде де тұрақты интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Соның арқасында жолаушылар мессенджерлерді, әлеуметтік желілерді, жұмыс сервистерін және басқа да онлайн-платформаларды пайдалана алады.

Интернетке қосылу үшін пойыздағы Wi-Fi желісін таңдап, авторизациядан өту қажет. Осыдан кейін жолаушылар WhatsApp пен Telegram арқылы мәтіндік хабарламаларды тегін жібере алады. Ал әлеуметтік желілерді, бейнесервистерді және басқа да интернет-ресурстарды толық пайдалану үшін ақылы тарифті қосуға болады.

Жиын қорытындысында Көлік министрлігі тасымалдаушыларға жолаушылар пойыздарын интернетпен жабдықтау жұмыстарын жеделдетіп, оны осы жылдың соңына дейін толық аяқтауды тапсырды.

Еске салайық, бұған дейін Астана — Семей — Достық пойызында спутниктік интернет іске қосылғанын хабарлаған едік.