Көлік министрлігі Санжар Боқаевтың кезекті сынына жауап берді

Көлік министрлігі Санжар Боқаевтың кезекті сынына жауап берді
Фото: Видеодан кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Қоғам белсендісі Санжар Боқаев әлеуметтік жүк транзитіне берілетін рұқсат бланкісі сатылып жатқанын әшкерелейтін «Операция «дозвол» атты зерттеу жариялаған болатын. Көлік министрлігі осы материалда ведомствоға қаратыла айтқан сынға жауап берді.

«Әлеуметтік желілерде шетелдік рұқсат бланкілерін сату фактісі туралы бейнежазба жарияланған болатын. Осыған орай Көлік министрлігі келесіні мәлімдейді. Сөз болып отырған латвиялық рұқсат бланкісін жеке кәсіпкер Sofi-trans биыл 31 қаңтарда алған. Осы ретте аталған рұқсат бланкісін сату фактісі бойынша тиісті материалдар Шымкент қаласының полиция және экономикалық тергеу департаменттеріне жолданды. Жалпы өткен жылы ұқсас фактілер бойынша 27 жосықсыз компания анықталып, халықаралық тасымалдарға рұқсат беретін куәліктердің күші жойылған болатын. Бейнероликтегі жазба барысында сарапшы ой-пікірін білдіріп, онда «қайта тіркеудің нәтижесінде Ресейге де, Беларуське де санкциялық жүк тасымалданады, яғни әскери мақсатта қолдануға болатын микросхемалар және тағы басқалар» делінген (автордың емлесі мен тыныс белгілері сақталған). Шекарада жүктердің жекелеген түрлері бойынша реэкспортты болдырмау мақсатында экспорттық бақылау жүзеге асырылады. Осы ретте көрінеу жалған ақпаратты тарату заңнамада көзделген жауаптылыққа әкеп соғатынын айта кеткен орынды», - деп жазылған ресми мәліметте.

Ведомствоның дерегінше, соңғы 15 жылда Қазақстанда шет мемлекеттердің қатысуымен 63-ке жуық бірлескен кәсіпорын тіркелген.

«Олар қажетті салықтар мен алымдарды төлеп, азаматтарды қосымша жұмыс орындарымен қамтып отыр. ҚР Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында жарияланған ресми деректер бойынша 2023 жылы аталған кәсіпорындардан мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері шамамен 12 млрд теңгені құрады. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Көлік министрлігі рұқсат бланкілерін бөлу бойынша жаңа ақпараттық жүйені әзірледі. Аталған жүйе тасымалдау нарығына тең қол жеткізу үшін жағдай жасай отырып, көлеңкелі нарықта бланкілерді алыпсатарлыққа жол бермей, нақты қажеттілігі бар тасымалдаушыларды рұқсат бланкілерімен қамтамасыз етеді деп жоспарланған», - деп жазады министрлік мамандары.

Сондай-ақ ресми мәліметте шетелдік рұқсат бланкілерін сату немесе сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша заңсыз іс-әрекеттердің куәсі болған жандар Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Селим Қуанышұлына хабарласа алатыны айтылған.

Соңғы жаңалықтар