Көлік министрлігі таксилердің қалааралық тасымалына шектеу қою мәселесіне қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі таксомотор тасымалы саласындағы жетекші интернет-платформалармен бірлесіп көрсетілетін қызметтің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

такси
Фото: pixabay.com

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі күні осы нарықта қызмет көрсетушілерден ұсыныстар қабылданып оларды зерделеу және егжей-тегжейлі талқылауға байланысты жұмыстар жүргізілуде.

Барлық сұрақтар мен ұсыныстар жүйеленіп, міндетті түрде қоғамдық талқылаудан өтеді.

Әлемдік тәжірибеде де, біздің мемлекет аумағында да халықты тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша базалық талаптар белгіленген, мысалы:

- көлікті техникалық бақылаудан өткізу;

- жүргізушінің рейс алдындағы медициналық тексеруден өтуі;
- жүргізушінің жұмыс және демалыс режимін сақтауы;

- жылдамдық режимін сақтау;

- тасымалдау саласында тек сол жақты рульі бар автокөліктің жұмыс істеуі;

- тасымалдаушыда сақтандырудың болуы;

- тасымалдау саласында ел аумағында тіркелген автомобильдің ғана жұмыс істеуі.

Өкінішке қарай, жоғарыда аталған талаптарды интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін жүргізушілер жиі сақтамайды. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Қайғылы жағдайға соқтырған апаттың көп бөлігі қозғалыс жылдамдығы жоғары қалааралық трассаларда болып жатады. Тиісінше, басты назар қалааралық жолаушылар тасымалымен айналысатын таксилерге де бағытталған.


«Айта кету керек, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау жұмыстары одан әрі өз жалғасын табады»,-делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар