Көлік саласына 57 мың маман қажет – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның көлік саласына алдағы жылдары шамамен 57 мың маман қажет болады. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында айтты.
Министрдің айтуынша, көлік саласында 870 мың адам жұмыс істейді. Яғни, әрбір оныншы адам көлік саласында еңбек етеді.
Олардың басым бөлігі – автомобиль және теміржол көлігі, жол құрылысы мен логистика сала мамандары.
– Соңғы жылдары көлік саласының дамуына байланысты салаға 57 мыңға жуық маман қажет. Олардың ішінде машинистер, жүргізушілер, техниктер мен инженерлер, логистика мамандары, ұшқыштар мен авиадиспетчерлер, кеме капитандары және механиктерге сұраныс жоғары, – деді Нұрлан Сауранбаев.
Көлік саласына жастарды тарту үшін бос жұмыс орындарына жәрмеңке өткізу, мамандық таңдауға көмектесу, өндірістік тәжірибе өткізу жұмыстары қолға алынған.
Айта кетейік, колледж-техникумдардың 90 мыңнан астам түлегі өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.
2035 жылы елімізде 1,8 млн жұмысшы маманға сұраныс болады.