Көлік саласында кадр тапшы, 2030 жылға қарай 8,8 мың маман қажет болады

Самолет FlyArystan ФлайАрыстан пилот ұшақ ұшқыш
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Ұлттық кәсіптік біліктілік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оның шеңберінде салалық біліктілік жүйелерін дамыту, кәсіптік стандарттарды әзірлеу және өзектендіру жөніндегі шаралар мен жоспарлар қаралады.

Қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдар жанынан салалық кеңестер құрылып, оған сарапшылар, оқу орындарының өкілдері мен жұмыс берушілер тартылды.

Олардың әзірлеген кәсіби стандарттары негізінде жоғары оқу орындары мен колледждердегі білім беру бағдарламалары түзетіледі.

Бұл ретте түлектердің құзыретін тәуелсіз сертификаттау орталықтары бағалайды. Осылайша, еңбек нарығының сұранысына сәйкес келетін сапалы кадр даярлау процесі жетілдірілуде.

Отырыс барысында көлік және қаржы министрліктерінің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары қаралды.

үкімет
Фото: ҚР Үкіметі

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев ведомство жанынан 6 салалық кеңес жұмыс істейтінін хабарлады. 

Олар теміржол, су, автомобиль көлігі және жолдар, сондай-ақ азаматтық авиация салаларын қамтиды.

Кеңес қазірдің өзінде 711 кәсіпті қамтитын 101 кәсіби стандарт әзірлеген. Биыл тағы жаңадан 19-ын әзірлеп, 31-ін өзектендіру жоспарлануда.

Көлік министрлігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға дейін аталған салаларға 8,8 мыңға жуық маман қажет болады.

Қазір кадрлар 49 жоғары оқу орнында және 280-ден астам колледжде даярлануда.

Вице-министр оқу орындарының саны көп көрінгенімен, кейбір мамандықтар бойынша мысалы, көпір мен теміржол құрылысы бойынша оқитын студенттер аз екенін атап өтті. 

Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп грантты қайта бөлу мәселесі қаралуда.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің мәліметінше, жетекшілік ететін салада «бухгалтер» мамандығы бойынша бір кәсіби стандарт пайдаланылады.

Оны озық жоғары оқу орындарының білім бағдарламалары бойынша өзектендіру көзделіп отыр.

Бұл реттер АССА (Association of chartered certified accountants) халықаралық біліктілігі бойынша студенттерді оқыту және сертификаттау мәселесі қарастырылуда.

Осылайша, диплом алған және өз біліктілігін растаған түлектерді жұмысқа орналастыру процесін жеңілдету жоспарланған.

«Сертификат тәуелсіз орталықтар тарапынан берілуі маңызды. Ол бойынша жұмыс берушінің маман біліктілігіне қатысты пікірі қалыптасады. Оқу орнының имиджі де осыған тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, біз осы немесе басқа мамандықты игеріп жатқан азаматты сапалы жұмыс орнымен қамтамасыз ету үшін жағдай жасауымыз керек», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар
telegram