Көлік салығы: Павлодар тұрғындарының берешегі 700 млн теңгеден асып кетті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазір Ертіс-Баян өңірінде 140 мыңнан астам автокөлік иесі бар. Олардың меншігінде 200 мыңнан астам көлік тіркелген.

Өңірлік мемлекеттік кірістер департаментінен хабарланғандай, қазіргі уақытта 10 609 павлодарлық автокөлік салығын уақытылы төлемей отыр.
- 700 млн теңгеден астам сомаға көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешегі бар. Көлік құралдарына салынатын салық Салық кодексінің 493-бабына сәйкес дербес есептеледі. Мұны ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталында орналастырылған «Көлік салығын есептеу» электрондық сервисін пайдалану арқылы немесе «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасының (AppStore және PlayMarket-тен жүктеу) «Калькуляторлар» сервисінде жасауға болады, - деп мәлімдеді департаменттен.
Салық мөлшерлемесі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріне және көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты есептеледі. Сәйкесінше, жыл сайын салық сомасы АЕК мөлшерінің ұлғаюымен бірге артады. Салықты есептеу үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына дейінгі АЕК қолданылады (3692 теңге). Салықты уақытылы төлемеген адамдарға биылғы 2 сәуірден бастап салық берешегі туралы хабарламалар жіберілетін болады. Сондай-ақ мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі.
Еске сала кетейік, Қырғызстан көлік кузовын әкелуге тыйым салуды ұсынды.