Көлік салығы: Павлодарлықтар мемлекетке 650 млн теңге қарыз
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыс бойынша 10 мыңға жуық азамат автокөлік салығын төлемей отыр. Өңірде жалпы саны 180 мыңнан астам көлік құралы тіркелген.

Жеке тұлғалар меншігіндегі көлік құралдарына өткен жыл үшін салықты 1 сәуірден кешіктірмей төлеуі тиіс. Бүгінде 130 мыңнан астам азаматтың атында 180 мың көлік құралы бар. Арасында берешек сомасын өтемей, қарыздары жылдар бойы жиналып келе жатқандар аз емес.
«Көлік құралдары бойынша болжамды салық сомасы 2 млрд теңгеден асады, олардың ішінде 180 млн теңгедей салық сомасына 13 мың азамат жеңілдікке ие. Жыл басынан бері көлік иелері 71 млн теңгеден астам салықты төлеген. Ал көлік салығы бойынша 10 мыңға жуық салық төлеушінің берешегі бар, олар жалпы сомасы 650 млн теңге қарыз», - деп хабарлады Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының бас маманы Миргүл Мажимова.
Көлік салығын 1 сәуірден кешіктіріп төлегенде әрбір күн үшін өсімпұл есептелетінін ұмытпаған жөн. Қарызды біле тұра кешіктіріп отырған азаматтарға Мемлекеттік кірістер органдары салық бұйрықтарын шығарып, оларды жеке сот орындаушыларға жібереді. Ал бұл мамандар берешек сомасын мәжбүрлеп өндіріп алу амалдарын қолға алады.