Көлік сапасыз бензиннен бұзылғанда шығынды кім өтейді – Бектенов жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай депутаттарының сауалына орай сапасыз бензин салдарынан көлік бұзылғанда шығынды кім өтейтінін айтты.
- Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 31-бабына сәйкес, сатушы тауар кемшіліктері салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиянды өтеуге, ал тауардың кемшілігі расталған жағдайда сараптама жүргізуге байланысты шығындарды да өтеуге міндетті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 947 және 948-баптарына сәйкес, тауардың кемшіліктері салдарынан келтірілген шығын сатушының (дайындаушының) кінәсіне қарамастан өтелуге тиіс және зардап шеккен адамның таңдауы бойынша сатушы немесе дайындаушы тарапынан өтеледі, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр осыған байланысты сапасыз отынды пайдалану салдарынан автомобильге залал келтірілген жағдайда тұтынушы келтірілген шығынды өтеу туралы талапты тікелей сатушыға немесе дайындаушыға қоюға құқылы екендігіне назар аудартады.
- Бұл ретте мұнай өнімі сапасының нашарлауы орын алған жеткізу тізбегінің нақты қатысушысын анықтау заңнамада көзделген рәсімдер аясында жүзеге асырылады және бұл тұтынушының келтірілген шығынды өтеу туралы талап қою құқығын шектемейді, - деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін депутат Асхат Рахымжанов жанармай сапасы бойынша ашық мемлекеттік тізілім құру қажеттігін көтерген еді.