Көлік вице-министрі Астана әуежайындағы жөндеу жұмыстарына түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM —  Астана әуежайындағы жөндеу жұмыстары беекітілген уақыт аралығында аяқталады. Бұл туралы ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров айтты. 

Астана
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Сенаттағы баспасөз мәслихатында тілшілер Астана әуежайындағы жөндеу жұмыстарына қатысты сұрады.

Өз кезегінде М. Қалиақпаров бұл нысанға Abu Dhabi Ports атты жеке инвестор келгенін еске салды.

«Ол әлемдегі 15 әуежайға иелік етеді, халықаралық тәжірибесі айтарлықтай жоғары. Техникалық және қаржылық аудит жасалды. Содан кейін онда ұшып-қону жолағын жөндеу керек болды. Сондықтан инвестор өз қаржысы есебінен жөндеп жатыр. Бұл – уақытша құбылыс. Жақында жөндеу аяқталып, әуежай штаттық режимде жұмыс істейді. Жұмыс уақытында аяқталады», - деді вице-министр.

Бұған дейін Астана әуежайының ұшу-қону жолағы қашан жөнделетіні айтылған еді. 

Айта кетейік, былтыр күзде Астана халықаралық әуежайы инвестор Terminals Holding компаниясымен бірлескен жұмысты бастады. 

Көлік министрі Марат Қарабаев Астана әуежайы неліктен БАӘ компаниясының басқаруына берілгенін түсіндірді. 

Соңғы жаңалықтар