Көлік жүргізу құқығынан айырылса да, рөлге отырған 115 адам қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда соңғы бес күнде көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырған 245 жүргізуші ұсталды, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

жүргізуші
Фото: pixabay.com

Ведомство мәліметінше, сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылған кейбір азаматтар заң талабын елемей, қайтадан рөлге отырады. Осылайша олар өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Соңғы бес күнде полиция қызметкерлері осындай 245 жүргізушіні анықтаған. Олардың 115-і әкімшілік қамаққа алынса, 130-на айыппұл салынған.

Сонымен қатар ұсталған жүргізушілердің 245 автокөлігі де арнайы айып тұрағына қойылды.

– ІІМ ұстанымы айқын: құқығынан айырылған жүргізуші көлік тізгініне отыра алмайды. Ешқандай ерекшелік жоқ. Полиция мұндай жүргізушілерге қатаң шара қолданады. Бұл жай ғана қағида емес. Бұл адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі, – делінген ведомство хабарламасында.

Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және сот шешімдерін орындауға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жыл басынан бері көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан рөлге отырған 414 жүргізуші ұсталғаны хабарланған еді. Олардың барлығы сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылған.