Көлікті үй ауласында жуу не себепті қауіпті
АСТАНА. KAZINFORM — Көлікті өз ауласында немесе өзен жағасында жуып алу — ештеңе етпейді, аздаған су мен сусабын табиғатқа зиян тигізбейді деп есептеледі. Бұл — қауіпті миф, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Қарапайым көлік жуудың өзі қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіреді.
— Мұнай өнімдері мен химия. Көлік шанағында асфальттан жиналған майлар, жанар-жағармай қалдықтары, ауыр металдар және улы автохимия қалады. Мұның бәрі жуылған кезде ешқандай сүзгісіз тікелей топыраққа немесе су қоймасына түседі, — дейді мамандар.
Сонымен қатар бұндай әрекеттен кейін топырақ пен су ластануы мүмкін.
— Химикаттар топырақтың құрылымын бұзып, пайдалы микроорганизмдерді жояды, ал су айдындарына түскен жағдайда су астындағы тіршілікке тұншықтырушы әсер етеді, — деп түсіндірді олар.
Ведомство атап өткендей, көлікті тек арнайы автожуу орындарында (мойкаларда) тазалау керек, өйткені оларда ағынды суларды тазарту жүйелері қарастырылған.
Бұған дейін қоқысқа тасталған дәрілер табиғатқа қалай әсер ететінін жазғанбыз.