Көліктен біртүрлі дауыс естілді: Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша сотта айыпталушы сөйледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырысы өтіп жатыр.
Бүгінгі сот отырысында 32 жастағы айыпталушы Александр Пактан жауап алынды. Оның айтуынша, мейрамханадағы отырыстан кейін ол көлікке отырып, Достық даңғылымен төмен қарай бағыт алған. Әл-Фараби даңғылына жақындаған сәтте Zeekr көлігінің басқару панелінде ақау барын білдіретін ескерту шамдары жанған.
— Әл-Фараби даңғылына шыққан кезде көліктен біртүрлі гуілдеген дыбыс шыға бастады. Оның қайдан шыққанын түсінбедім. Осыған дейін менде BMW көлігі болған еді. Онда бір механикалық ақау белгілері пайда болғанда, мен газды басып, айналымды арттыратынмын. Соның нәтижесінде ұсақ ақаулар өздігінен жоғалып кететін. Бұл көлікте де соны істеп, газды бастым да, сол жақ қатардан оң жақ қатарға ауыса бастадым. Дәл осы сәтте көліктің өз жолағында ұстау жүйесі кенеттен іске қосылып кеткен болуы мүмкін. Көлік бірден жиектасқа соғылып, содан қарсы бетке өтіп кетті. Көлік маған мүлдем бағынбады, мен оңға-солға бұруға тырыстым, бірақ еш нәтиже болмады, тежегіш те істемей қалды. Осыдан кейін жол апаты болды, — деді Александр Пак.
Айыпталушы көліктің басқару панеліндегі белгілерді түсінбеуін Zeekr көлігін бірнеше ай бұрын ғана сатып алғанымен түсіндірді. Оның сөзінше, жаңа көліктің барлық ерекшеліктерін толық зерттеп үлгермеген.
Сондай-ақ ол өз кінәсін мойындағанымен, өз атына тапсырыс берілген ішімдіктердің көбін ішпегенін мәлімдеді.
— Мейрамханаға жиналуға ешқандай ерекше себеп болған жоқ. Жай ғана жұманың кеші еді, достармен бірге кешкі ас ішуге жиналдық. Достар өз таныстарын шақырды, мен тіпті ол жақтағы адамдардың бәрін тани бермейтінмін. Өзіме сыра тапсырыс беріп, екі ұрттадым да, ұнамаған соң ішпей қойдым. Мекемедегілер мені мас болды деп айтып жатыр, бірақ мен өзімді мас санамаймын. Ал үстелдегі басқа ішімдіктерге келетін болсақ, кімнің не ішіп, не жегенін қадағалаған жоқпын. Ол жерде ішімдіктердің тапсырыс берілуі олардың бәрін мен ішті дегенді білдірмейді. Шотты мен төледім, әдетте біз кезекпен төлейтінбіз немесе ақша шығаратынбыз, — деді сотталушы.
Одан бөлек Пак өз кінәсін мойындағанымен, прокурордың «соқтығысу сәтінде көліктің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға жетті» деген уәжіне келіспейтінін айтты.
— Жол бойындағы фото-бейне мәліметтер ұсынылды, бірақ Әл-Фараби мен Достық қиылысындағы деректер жоқ. Әл-Фараби мен Достық аралығында мұндай жылдамдыққа жету үшін мен ол жерге дейін 150-160 км/сағ жылдамдықпен келуім керек еді. Олай болса, неге маған ешқандай айыппұл келмеген немесе бейнебақылауға түспеген? Мен ол жерде 80 км/сағ жылдамдықпен келе жаттым, кейін газды басқанда жылдамдық бәлкім 130-ға жеткен шығар, бірақ 220 км/сағ жылдамдық болуы мүмкін емес, — дейді айыпталушы.
Сондай-ақ Александр Пак өз басын жасыру мақсатында көліктің мемлекеттік нөмірін әдейі ауыстырды деген айыпты теріске шығарды. Ол екі нөмірдің де өзіне тиесілі көліктердікі екенін түсіндірді.
Осы жауаптарын кейін ол процестік құқығын пайдаланып, адвокаттар мен прокурордың сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Ол тек судьяның сұрақтарына ғана жауап беруге келісті. Өз шешімін ол қоғам мен БАҚ тарапынан болып жатқан үлкен қысыммен түсіндірді.
Еске салайық, 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Іс бойынша сот отырысында жәбірленушілер Александр Пакке кешірім берді.
Сондай-ақ Әл-Фарабиде даңғылында болған жол апатының бейнежазбасы сотта көрсетілді.
Бірнеше куәгер сотта жаңа деректермен бөлісті.