Колледж студенттері арасындағы WorldSkills Shymkent чемпионаты басталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте колледж студенттерінің WorldSkills Shymkent -2019 кәсіптік чемпионаты басталды. Жастар ресурстық орталығында өткен шараға 9 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінен 85 студент қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Колледж студенттері арасындағы WorldSkills Shymkent чемпионаты басталды

Қоғамда жұмысшы мамандығын дәріптеу мен беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылған жарысқа қатысушылар 26 кәсіп бойынша сынға түсті. Жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жобаға негізінен 18-22 жас аралығындағы жастар қатысып, үш күн бойы шеберліктерін байқатады. Олар ақпараттық технология, құрылыс, кондитерлік, мектепке дейінгі тәрбие, киім дизайны, шаштараз, мейрамхана бизнесі және тағы басқа мамандықтар бойынша өз дайындығын көрсетеді.
null null null null

Чемпионаттың ашылу салтанында сөз алған «Кәсіпқор» холдингінің менеджері әрі әлемдік техникалық сарапшы Ернұр Омаров жастарды жұмысшы мамандықты игеруге шақырып, кәсіптік және техникалық білім беру мәселесі үнемі бақылауда болатынын айтып өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта колледж студенттерін қолдау мақсатында бизнес-семинарлар, тренингтер, шеберлік сабақтары өткізіліп, кәсіпкерлікпен айналысқы келетін түлектерге қолдау көрсетілетінін жеткізді.
null

Ал чемпионатты ұйымдастырушылар болса, «World Skills Kazakhstan» байқауы студенттердің кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне деген қызығушылығын арттыратынына сенімді. Аймақтық байқауда жеңімпаз атанған студенттер қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық ұлттық чемпионатқа жолдама алады.
null