Колледждер түлектердің 90% жұмысқа орналастыруға тиісті - министр

Қазақстандық колледждер түлектерін жұмысқа орналастыруға міндеттелді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Саясат Нұрбек
Фото: Виктор Федюнин / kazinform

«Кадрларды даярлау сапасын арттыру және қамту мақсатында «Педагог» кәсіптік стандарты бекітілді. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу үшін әдістемелік ұсынымдар әзірленді. 6 мыңнан астам педагог жаңа тәсілдер бойынша біліктілігін арттырды. Нәтижесінде колледждер мен жұмыс берушілер бірлесіп, «Педагог» кәсіптік стандарты негізінде 554 бағдарламаны жаңартып, іске асыруда. Студенттер балабақшалар мен мектептерде кәсіптік практикадан өтеді», - деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысында.

Бітіруші түлектер жұмысқа орналасар алдында біліктілігін растайтын сертификат алып, конкурсқа қатыса алады.

«Біз биыл колледждерге қойылатын біліктілік талаптарын күшейттік. Атап айтқанда, кемінде 5 педагогикалық мамандық бойынша лицензияның болуын және түлектердің 90% жұмысқа орналасуын қамту талап етіледі. Бұдан басқа, академиялық ұтқырлық, бойынша лицензиялау, сондай-ақ педагог кадрларды даярлауда қашықтан оқытуды шектеу мәселесі заңнамалық тұрғыда бекітілуде», - дейді ол.