Колледждер жанынан индустриялық кеңестер құрылады - Э. Сәдуақасова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы әлемдік деңгейлі колледждер жанынан индустриялық кеңестер құрылады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Кәсіпқор» холдингі» ҰАҚ басқарма төрайымы Эльдана Сәдуақасова мәлім етті.
Еске салайық, брифинг барысында техникалық және кәсіби дуалдық оқыту мәселелері талқыланған болатын.
Холдинг басшысының айтуынша, колледждерде дуалдық оқытудың басты элементтерінің бірі - индустриялық кеңестер. Бұлар әрбір колледж жанынан құрылады.
«Индустриялық кеңестегі басшылық жұмыс берушінің қолында әрі дауыс беру құқығына да сол тарап қана ие болады. Оқу мекемесі де, холдинг те бұл кеңесте дауыс беру құқығына ие емес. Кеңестің міндеті -білім беру үдерісіне толығымен аудит жүргізіп, жыл сайын өзінің бағасын енгізіп отыру болмақ», - дейді Э. Сәдуақасова.
Холдинг төрайымының айтуынша, осылайша колледждердегі аудит екі түрлі жолмен жүзеге асады. Оның біріншісін жұмыс беруші жүргізсе, екіншісі шетелдік әріптес-колледждер тарапынан жүргізіледі.
«Жыл сайын шетелдік әріптес колледждер білім сапасынан бастап, басқару жүйесіне дейін қадағалайды», - дейді ол.