Коллекторлар сыйақысы берешектің 50 пайызынан аспауы керек - ҰБ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Коллекторлар сыйақысы борышкерлерден қайтарған берешектің 50 пайызынан аспауы керек. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасын талқылау барысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов мәлім етті.
Талқылау барысында депутат Бақытжан Ертаев коллекторлық агенттіктердің борышкерлерден берешекті өндіруден алатын сыйықысы туралы сұраған болатын.
«Қазіргі күні бұл мәселе құқықтық нормалар арқылы ешқандай да реттелмей отыр. Яғни, коллекторлық агенттіктердің сыйақысы белгісіз. Ал біз ұсынып отырған ілеспе заң жобасында коллекторлық компаниялардың тарифтері, сыйақылары нақтыланады. Онда сыйақы алынатын берешек сомасының 50 пайызынан аспауы тиіс деп көрсетіледі», - деді А. Ахметов.
Оның айтуынша, іс жүзіне асқан қызметтердің төлемін банктер немесе микроқаржы ұйымдары өтейді. «Коллекторлық компания қызметкерлері заемшыдан бір тиын да алуға құқылы емес. Яғни, коллекторлар тек банкпен немесе өздеріне тапсырыс берген микроқаржы ұйымдармен ғана есеп айырысады», - деді ҰБ өкілі.
Айта кетерлігі, Қазақстанда халықтан төлемдер жинау қызметімен айналысатын 205 коллекторлық ұйым тіркелген. Алайда, банк қарыздары бойынша төлемдер жинаумен айналысатын ұйымдардың міндетті түрде тіркелуі белгіленбеген. Сондықтан да, бұл қызметпен айналысатындардың нақты саны белгісіз. Сонымен бірге, мемлекеттік органдарда борышкерлердің берешегін өндіріп алу қалай жүргізілетіні, олардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары қалай сақталатыны туралы ақпарат жоқ.
ҰБ төраға орынбасарының сөзіне қарағанда, қазіргі күні банктерден кредит алған, бершегі бар борышкерлердің құқықтары мен мүдделері дұрыс қорғалмай отыр. Соның салдарынан коллекторлық агенттіктер тарапынан заңсыз іс-әрекеттер мен асыра сілтеушілік жағдайлары орын алуда. «Бұнымен қоса, халықтың қаржылық сауатының төмен деңгейі де әлеуметтік шиеленісті күшейтіп отыр», - дейді ҰБ өкілі.