Қолма-қол ақшасыз төлемдер 35 пайызға жеткізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер 35 пайызға дейін жеткізіледі. Бұл туралы бүгін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған конференцияда «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингінің басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қолма-қол ақшасыз төлемдер 35 пайызға жеткізіледі

«Электрондық сауданы дамытуға қолайлы жағдай жасаудан елеулі нәтиже күтілуде. Осы орайда бұл процеске қатысушылар үшін салықтық жеңілдіктерді қарастыратын заңнамалық өзгерістер қабылданды. Сонымен қатар, қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыруды дамыту тұрғысында үлкен жұмыстар атқарылады. Бүгінде Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесі 10 пайызды құрап отыр, алайда бағдарлама аясында оның деңгейін 35 пайызға дейін жеткізуді жоспарлып отырмыз», - деді «Зерде» холдингінің басқарма төрағасы.

Сараптамалық агенттіктер мәліметтеріне сүйенсек, қолма-қол ақшадан қолма-қол емес төлем түрінде аударудың әрбір пайызы 0,04 пайыз деңгейінде ЖІӨ өсімін береді.

«Бұл ретте  20 пайыздық деңгей Жалпы ішкі өнімнің 1 пайыз өсімін қамтамасыз етеді», - деп тоқталды ол.

Осы орайда Р. Еңсебаев бұл бағытта тиісті инфрақұрылымды құру, онлайн-кассалармен және терминалдармен жабдықтауда ауқымды шаралар қамтылғанын атап өтті.