Колониядан – еңбек нарығына: Қарағандыда 180 сотталған кәсіп меңгеруді бастады
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысындағы қылмыстық-атқару жүйесінің бес мекемесінде жұмысшы мамандықтары бойынша оқу басталды. Биыл сотталғандар еңбек нарығында сұранысқа ие алты мамандықтың бірін меңгере алады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Өңірдегі ҚАЖ мекемелерінде 180 сотталған жаңа оқу жылын бастады. Сабақ бес мекемеде өтіп жатыр, оқу үдерісін екі техникалық және кәсіптік білім беру колледжі ұйымдастырған.
Білім алушылар алты жұмысшы мамандығын меңгеріп жатыр. Олар – автослесарь, электргазбен дәнекерлеуші, автомобиль жөндеу слесарі, құрылыс әрлеу жұмыстарының шебері, тігінші және автокөлік жөндеу шебері.
Оқу бағдарламасы теориялық сабақтармен қатар практикалық дайындықты да қамтиды. Сотталғандар алған дағдыларын бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасу кезінде пайдалана алады.
Мамандықтарды таңдауда еңбек нарығындағы жұмысшы кадрларға деген сұраныс ескеріледі. ҚАЖ мекемелері сотталғандарды кейіннен жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша кәсіпорындармен де жұмысты жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандар 48 мамандық бойынша білім алатыны хабарланған.