Колорадода марихуана қосқан кәмпит өндірушіні сотқа берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Америкадағы шоколад өнімдерін шығаратын ірі өндіруші Hershey компаниясы Колорадодағы марихуана қосылған кәмпит шығаратын фирманы сотқа берді, деп хабарлады Lenta.ru.
None
None

Тауар белгісі құқығы бұзылғаны туралы талап-шағымға Hershey шығаратын өнімге өте ұқсас Tincture Belle және Tincture Belle Marijuanka атты тәттілердің 4 түрі себеп болды.

Марихуана қосылған кәмпиттер Колорадода арнайы орындар мен дәріханаларда сатылады. Hershey, Tincture Belle кәмпиттерінің ұқсас орамдары тұтынушыларды, соның ішінде балаларды шатастыруы мүмкін деп санайды. Соған байланысты Hershey соттан «көшірілген» тәттілерді сатуды тоқтаттыруды, сондай-ақ келтірілген залалды толтыруды талап етеді, бірақ оның көлемі нақтыланбаған.

Колорадода заң шығарушылар қазір кәдімгі кәмпиттер мен кекстерді шатастыруға болатын марихуана қосылған өнімдердің айырым белгілеріне қатысты ережелерді қатаңдату мүмкіндігін қарастыруда.

Марихуананы ырықтандыруды сынаушылар марихуана қосылған өнімдерді шамадан тыс пайдалану өлімге әкеліп соғатынын айтуда. Мәселен, наурыз айында марихуана қосылған печеньені көбірек жеп қойған студент қонақүйдің балконынан секіріп кеткен. Ал сәуір айында бір әйел құтқару қызметіне қоңырау соғып, оның күйеуі қарасора қосылған кәмпит пен ауруды басатын таблеткаларды ішіп алып, ақырзаман болатыны жөнінде сандырақтап, өзін атып өлтірмекші болғанын айтып шағымданған.

Дегенмен есірткіні ырықтандыруды жақтаушылар алкогольді шамадан тыс ішу де осындай оқиғаларға әкеп соғатынын айтып, есірткі қосылған өнімдерге мүлдем тыйым салғаннан гөрі оны реттеу шараларын қатаңдату жөнінде уәж айтады.

Колорадо марихуананы медициналық мақсатқа ғана емес, өсіруге, сатуға және пайдалануға болатын алғашқы американдық штат болды. 1 қаңтардан бастап қарасора бүкіл штаттың 30 дүкенінде кеңінен сатыла бастады.

Соңғы жаңалықтар