Колорадода реактивті «Бомбардье» апатқа ұшырады
АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат - Жексенбі күні АҚШ-тың Колорадо штатындағы Аспен қаласының әуежайында жекеменшік реактивті ұшақ апатқа ұшырады.
Азаматтық авиация федералдық басқармасы баспасөз хатшысының хабарлауынша, апат қону кезінде орын алды.
19 орындық «Bombardier Challenger 600» ұшағы Тусоннан (Аризона штаты) ұшып келген.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, ұшақтың дөңгелектері жерге тиген кезде аударылып, отқа оранған. Өрт сөндірушілер мен құтқару қызметтері оқиға орнына шұғыл жетті.
Алдын ала ақпаратқа қарағанда, әуе кемесінің бортында үш адам болған. Ұшақтағылардың бірі қаза тапты, ал қалған екеуі жарақаттанған.