Көлсай көлінде жаңа әмбебап құтқару пункті ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысындағы Төменгі Көлсай көлінде жаңа әмбебап құтқару пунктінің ашылды. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі жариялады.
Нысан туристердің қауіпсіздігін арттыру және таулы аймақтағы төтенше жағдайларға ден қою әзірлігін күшейту мақсатында салынды.
Құтқару пунктін орналастыру туралы шешім өңірдің табиғи ерекшеліктері ескеріле отырып қабылданды. Бұған дейін Төменгі Көлсай көлінде 1984 жылы сел тасқындарынан кейін ашылған гидробекет жұмыс істеген. Уақыт өте келе ғимарат пайдалану талаптары мен қызмет өткеру жағдайларының заманауи талаптарына сәйкес келмейтін болды.
— Ашылу барысында Шелек өзені алабы өңірдегі сел қаупі жоғары учаскелердің бірі екені атап өтілді. Биік таулы аймақта мұздықтар, мұздақ және бөгеттік көлдер орналасқан. Жергілікті жердің ерекшеліктерін ескере отырып, жаңа әмбебап құтқару пункті байланыс құралдарымен, мониторинг жүргізу жабдықтарымен, тәулік бойы кезекшілік атқаруға арналған үй-жайлармен және жедел әрекет ету техникасымен жабдықталған, — делінген хабарламада.
Нысанда құтқарушылар мен ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ қызметкерлері қызмет атқаратын болады. Пункт «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағындағы жағдайды тұрақты бақылауды және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев келер жылы еліміздің өңірлеріндегі өзендер мен көлдерде 5 құтқару станциясы салынатыны туралы айтты.