Көлсайдағы Қайыңды көлінде су тоспасын салу өзекті мәселе - депутат Т. Асанов

АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Тұрарбек Асанов Көлсай көліне дейінгі республикалық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу мәселесін көтерді.

Көлсайдағы Қайыңды көлінде су тоспасын салу өзекті мәселе - депутат Т. Асанов

«Көлік және коммуникация министрлігі аталған жолдың қашықтығы барлығы 89 ғана шақырымды құрайтындығына қарамастан, жөндеу жұмыстарын негізсіз созып, аяқтау мерзімін жылдан-жылға ығыстырып келеді. Бұған 2009 жылы бастауын алған, жолдың 21-інші шақырымынан 43-інші шақырымға дейінгі учаскесінің жөндеуі, енді 2013 жылға дейін созылуы айқын дәлел. Оның үстіне, осы жолдың Жалаңаш елді мекенінен Көлсай көліне дейінгі (43-інші шақырымнан 89-ыншы шақырымға дейінгі бөлігі) учаскесінің көп бөлігі істен шыққан, ол  күрделі жөндеуден өткізуді және қалыпқа келтіруді қажет ететіндігі анық. Бірақ аталған министрлік бүгінгі уақытқа дейін бұның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға еш шара қолданған жоқ», - дейді депутат.

Оның айтуынша, жол азабы аймақта орналасқан 9 елді мекен тұрғындарының және табиғи байлығы мол «Қазақстанның інжу-маржаны» атанған Көлсай көлін  тамашалауға келген 20 мыңнан астам саяхатшының жанына қатты батып отыр.

«Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 21 сәуірінде «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағындағы Қайыңды көлінде су тоспасын салу туралы да мәселе көтергенбіз. Осы мәселе 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын әзірлеу кезінде ескерілуі тиіс еді. Алайда, Ауыл шаруашылығы және Төтенше жағдайлар министрліктері жауапкершілікті бір-біріне сілтеп, ешқандай жұмыс жүргізген жоқ», - дейді Т. Асанов.

Оның айтуына қарағанда, аталған жұмысты кейінге қалдыруға болмайды. Өйткені, көлдегі су табиғи ернеуді бұзып тасқын болса, Саты ауылын Қайыңды көлімен байланыстыратын автожолды істен шығарып, Қайыңды өзенінің бойындағы тоғайларға орасан зор зиян келтіреді. Сонымен қатар Шелек өзенінің төменгі арнасында орналасқан Алғабас-Жаңаталап ауылдары мен Бартоғай су қоймасына да зор қауіп төндіреді», - дейді депутат.