Көлсайға баратын жаңа айналма жол салынып бітті

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында Көлсай көлдеріне баратын жаңа айналма жолдың құрылысы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Көлсайға баратын жаңа айналма жол салынып бітті

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, айналма жол салу туралы шешімді өңір басшысы Амандық Баталов сәуір айында тау көшкінін қарап шыққаннан кейін қабылдаған болатын.

«Көлге апаратын негізгі жол жабылып қалғандықтан, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Көлсайдағы жағдаймен танысуға арналған жұмыс сапарында айналма жол салуды тапсырып, оның құрылысын жеделдетуді тапсырды. Облыс әкімі Көлсай көлдеріне баратын туристерге қауіпсіз жолдың болуы тиістігін ескерткен еді. Қазіргі уақытта айналма жол құрылысы аяқталды. Кедергісіз, ең бастысы қауіпсіз жол ашық.  Енді туристер еш қиындықсыз Көлсайдағы  демалыс аймағына бара алады», - деді баспасөз хатшысы.

Еске сала кетейік, 19 сәуірде Алматы облысында Көлсайға апарар жолдың маңында тау көшкіні орын алған еді.